Қазақ театрындағы авторлық құқық жайлы бірер сөз

Үстіміздегі жылдың 20-25 наурыз аралығында еліміздің М.О.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры өзінің дәстүрлі «Театр көктемі – 2012» фестивалін өткізіп, бір жылда жасаған жаңа жұмыстарының қортындысын жасады. Биылғы фестиваль КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, профессор Шолпан Жандарбековаға арналып әр кеш сайын халқымыздың тамаша актрисасы жайлы естеліктер айтылып, рухына тағзым етілді.

Бұл фестивальдің басты ерекшілігі, сахнада көрсетілген 5 спектакльдің екінші әдеби түпнұсқаға негізделгендігі. Әдебиет болғанда да танымал қаламгерлеріміздің сүйекті шығармаларына заманымыздың белгілі жазушы-драматургтерінің пьеса етіп қайта жазып сахналық нұсқасын жасауы.

Сәбит Мұқановтың белгілі «Балуан Шолақ» атты повесін драматург Дулат Исабеков «Шың басындағы шындық» атты драматургия жанрына ауыстырып, бұдан 70 жыл бұрын дүниеге келген халықымыздың біртуар талантты ұлы Балуан Шолақтың ғұмыры жайлыкөркем туындыға жаңаша дем берді. Фестивальдің беташар қойылымына осы туынды Есмұхан Обаевтің режиссурасында «Жаужүрек» деген атпен көрерменге ұсынылды.

Театр репертуарына жақында енген ғұлама жазушыМұхтар Әуезовтің оқырманға барар жолы ауыр да ұзақ повесі негізінде Нұрлан Оразалин сахналық нұсқасын жазған «Қилы заман» тарихи драмасы даосы үлгіде жалғасқан. Қазақ халқының басына төнген нәубетті 1916 жылындағы ұлт азаттық көтеріліске шығу себеп-салдарының трагедияснан сыр суыртпақтайтын қойылым театр фестивалінің жабылған соңғы күні Әубәкір Рахимовтың режиссурасымен бас театр сахнасына екінші мәрте тұсауы кесілген болатын.

Оригиналды драма шығармаларына тапшылық көрген қазақ театрының классик жазушылардың өлмес туындыларына назар аударып сахнаға икемдеуі әлемдік театр тарихында қай кезде де көрініс беріп отырған үйреншікті құбылыс. Театрдың мұндай қадамын қуаттай отырып өнер ұжымының репертуарында көрініс берген, бізге ой салған бір мәселе төңірегінде пікір білдіруді жөн көріп отырмыз.

Авторлық құқық деген мәселеге тірелгенде өнердің қай саласы болмасын дау-дамайсыз болмайтыны әлемдік тәжірибеден белгілі. Оны біз қазір өмірдің сан саласынан да жиі көріп жүрміз. Осы мәселені ертең, түптің-түбінде алдынан шығатынын ескере отырып театр неге шыққан тегі белгілі, прозадан – пьесаға айналуы жолыбірдей жасалған аталмыш екі шығарманы екі түрлі авторлық иелікте көрсетуі бізге ой салды. Фестиваль бағдарламасындағы алғашқы шығарма авторлығына драматург Д.Исабековие болып, повестің негізгі авторы С.Мұқановтың аты аталмауын түсінбедік.

Ал екінші қойылымда Н.Оразалин сахналық нұсқасын жазып шыққан «Қилы заманда» бұл авторлыққа байланысты дерек көзіМ.Әуезов, Н.Оразалин болып,толық көрсетіледі. Біздің ойымызша келтірілген екі мысалдан театрсоңғы қойылымда мәселенің дұрыс шешкен.

Осыған ұқсас көрініс Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақтың академиялық жастар мен балалар театрының тұсаукесер спектаклі болған режиссер Т.Теменовтің «Карменситасынан» да анық көрініс берген. Мұнда спектакльдің музыкалық көркемделуі ерекше әңгіме тақырыбы боларлықтай. Режиссер қойылымның барлық сахналарын музыка көмегімен көркемдейді десек қателеспейміз. Испан халқының сан алуан ырғақты-интонациялық бояуы мол музыкалық бай мұрасы спектакльде жеке, хор, түрлі аспаптар құрамында орындаулармен берілген.Бұл қойылымды музыкасыз елестете алмаймыз.

Аталмыш қойылымды атақты француз композиторы Ж.Бизенің жазып қалдырған «Кармен» операсының өлмес музыкасынсыз елестету тағы қиын. Режиссер операның басты кейіпкері Карменнің сүбелі музыкалық мінездемесі болған «Хабанерасын» өз спектаклінде вокалды және аспапты орындауда өңдеп, сонымен бірге кеңестік көрермендердің жадында жақсы сақталып қалған «Табор уходит в небо» кинофиліміндегі композитор Эмиль Лотянудің белгілі музыкалық композицияларды да еркін қолданады. Бірақ, режиссер «Карменнің» опера музыкасының танымал бөлігін өз сахналық қиялында орнымен қолдана отырып сол музыка авторы Ж.Бизені, немесе өзгелердің музыкалық мәтіні ретінде қолданылғанын бағдарламада, атын атап, түсін түстеп кетпеуі де бізге ой салды. Ертең, күн тәртібінде өткір тұрған авторлық құқық туралы мәселе көтерілер болса, үлкен даудың басы да осыдан бастау алмақ.

Соңғы кезде тек театрларда ғана емес өзге салаларда да осы тақырыпта даулы мәселелер жиі-жиі көтеріліп келгенін белгілі. Тілге тиек болған пьеса мәтіні, музыкасы, аранжировкасы т.б. секілді авторлық құқыққа байланысты айтыс-тартыстардың туындауы осындай, иесі белгілі шығармаларды нақтылы ашып көрсетпеуден. Болмаса композитор Р.Шедрин өзінің «Кармен сюита» балетін жазғанда негізгі авторды мойындап, алдымен – Ж.Бизені, кейін өз атын қойған болатын. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің кәсіби композиторымыз Ғазиза Жұбанова да «Баттерфлай ханым» балетін жазып сахнаға қойғанда, алдымен түпнұсқа авторы Дж.Пуччини, кейін Ғ.Жұбанова болып бағдарламаға енген. Сол секілді қазір кез келген теледидар бағдарламасы мен концерттік бағдарламада орындалған, көркемдеуге қолданылған ән-күйдің авторы жайлы нақты айтылу заңдылық. Автор дүниеден қайтқанына мейлі 70, мейлі 100 жыл өтсін, иесі белгілі мәтін немесе музыка авторларының аты-жөнін бағдарламада көрсетіп отыру өркениетті елдер суреткерлері шығармашылық қарым-қатынасының басты шарты болмақ. Өлісі бар, тірісі бар біреудің интеллектуалдық еңбегіне заманымыздың «интеллектуалдары» қиянат жасап жатуы болмайтын құбылыс екен.

Республикамыздың жетекші театрлары сахнасында көрініс берген жекеленген бұл мысалдар әлемдік тәжірибеде қалыптасқан авторлық құқық туралы құжаттармен реттеледі және өнер ұжымдары мен жеке суреткерлер де сол құжжат шеңберінде әрекет етуге тырысады.Ал біздің кейбір режиссерлеріміз сол құжжаттың үстемдігін мойындағысы жоқ. Аталмыш мәселеге немқұрайлы келіп, заңды белінен басқан.Егер, жөнделуі қиындық тудырмайтын осындай кемшіліктерді орнына келтірмесе театрларымыз авторлық құқықты реттеу жөніндегі бақылау органдарының араласуымен авторлық құқық қорғайтын әділет органдарының назарына ілігіп, әбігерге түсіп жатуының ауылы алыс емес.

Қазақстанда бұл заң беріде қабылданған құжжат десекте, дана халқымыз дәстүрінде әлімсымақтан айтылып, орындалып келген «Әруақтар риза болмай, тірі байымайды» деген аталы сөзді қайда тастамақпыз? Ғасырлар бойы қалыптастырған халқымыздың этикалық нормалары ХХІ ғасырда да өзінің өзектілігін жоймай жұмыс істеуде. Ал біздің театр қайраткерлеріне ондай даналықты есте ұстап жүру, оның заманауи үлгісі болған авторлық құқықты сақтау мен қорғау ісінде сауаттылығын арттыра түссе де артықтық етпес еді.

Аманкелді МҰҚАН, Өнертану кандидаты, театртанушы

, ,

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *