Алматыда опера өнерінің мерекесі

Үстіміздегі жылдың 4-7 сәуірі аралығында Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық  опера және балет театрының репертуары, сахнасы, көрермен залы осы бір тұлғаның есімімен тығыз байланыста күн кешті. Төрт кеш қатарынан сахнада бір композитордың туындыларынан тұратын мерейтойлық опера фестивалі дүрілдеп өтті. Бәрінің аузында итальяндық композитор Джузеппе Вердидің есімі, бәрі сахнадан соның шығармасын орындады, барлық қошемет те соған арналды. 

Бүгінгі әлем композиторларының ішінде шығармасы театр сахнасында ең көп орындалатын аворлардың бірі, туылғанына биыл 200 жыл толған маэстро Джузеппе Верди (1813-1901) шығармашылығы жайлы қалай айтса да тұрарлық. Ұзақ ғұмырының аяғына дейін таза бір жанрда жұмыс жасаған композитор үшін опера – өмір, опера – шығармашылық, опера – күрес. Елі мен халқының ұлттық біргуі, егемендігін алу жолындағы күреске толы қиын да күрделі кезде өмір сүріп, шығармашылықпен айналысқан композитор, өзінің жүректен-жүрекке жететін шынайы да шырайлы музыкасымен ұлттың рухын қайрап, жігерін жаныған күрескер композитор. Елдің тағдыры шешілетін қиын кезде шығармалары ұлттық әнұран болып халық арасына кеңінен тарап, алаңға жиналған сан мыңдаған адамдардың азаттық жолындағы арман-тілегін білдірген. Дж.Вердидің екі ғасырлық мерейтойы әлемнің опера театрларында фестиваль, гала-концерттерінде, тақырыптық концерттер т.б. үлгісінде кеңінен аталынып өтетініне біз сенімдіміз. Себебі, ғұмырының аяғына дейін ол жазған 26 операның басым бөлігі бүгінгі әлемдік опера репертуарының ең таңдаулы, ең жиі қойылатын туындылар. Ал оның музыка материалы консерваториялық білімі бар кәсіби әншілердің жоғары дәрежеде bel canto өнерін игерген вокалист екендігін көрсететін күрделі де қиын материалдардың бірі.

Верди фестиваль Алматы

Фестивальде орындалған «Травиата» (1853), «Аида» (1871) секілді санаулы шығармалардың дені театрымыздың репертуарында бұрыннан бар, бірнеше мәрте қайталап қойылған туындылар. Театр репертуарында бұдан басқа да «Риголетто» (1851), «Трубадур» (1853), «Бал маскарад» (1859) опералары бар болатын. Жоғарыда аталған екі сахналық шығармадан бөлек театр, композитордың ірі вокалды-симфониалық полотносы «Реквиемді» (1874) және мерекелік Гала-концертпен аяқтауды жоспарлаған екен.

Мұндай фестиваль алдымен қойылымға шақырылған қонақтарымен көрерменді қызықтырады. Биылғы опера мерекесіне келген қонақтар қатары қомақты. Қазір Ирландия Ұлттық теле-радиосының симфониялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі болып жұмыс істейтін ұлттық музыка өнеріміздідүние жүзіне насихаттап жүрген  қазақстандық танымал дирижер Алан Бөрібаев, румыниялық Кристиан Санду, әншілерден румыниялық сопрано Ирина Иордаческу, қазір Германияның Бонн қаласының опера театрында жұмыс істейтін грузиялық тенор Георгий Ониани, италиялық тенор Диего Кавадзин, баритон Джанфранко Монтризор,  түркиялық баритон Тамер Пекер, өзбекстандық бас Кирилл Борчаниновтар және Абай атындағы академиялық опера және балет театрының жетекші әншілері:Гүлзат Дәуірбаева, Дина Хамзина, Сара Ищанова, Жұпар Ғабдуллина Бейімбет Кожебаев Болат Есімхановтар т.б., хор, балет және оркестрі бар.

Опера фестивалінің шымылдығын композитордың ерекше туындыларының бірі «Травиата» операсымен ашты. Кезінде Еропаның астанасы атанған Парижде кіші Дюманың «Камелия гүлін ұстаған қыз» драмалық шығармасы негізінде қойылған спектаклін тамашалаған композитор сол кедегі өмірдің жанды көрінісін, өзіне қажетті заманауи тақырыпты тапқандай болады. Көп ұзамай опера либреттосымен арнайы айналысып бас аяғы аз ғана уақыт аралығында ерекше лирико-психлогиялық сезімге толы туындысын көрерменге ұсынады. Алғашында көрермендер күдікпен қарап,  қабылдана қоймаған «Травиата» операсы араға аз уақыт салып меломандардың ең сүйікті опералардың біріне айналды. Опера жанрында сахнаға тақырып таңдау, кейіпкерлердің музыкалық бейнесін жасауда үстемдік еткен композитор шығармашылығындағы шарттылықтарынан шығып замандастарының өмірін, кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесін терең ашатын реалистік тұрғыдағы жазылған музыкалық туынды көрерменге де ерекше әсер етеді. «Травиата» операсының негізгі үш партиясында Виолетта – И.Иордаческу, Альфред – Д.Кавадзин, Жермон – Т.Пекер өнер көрсетті.

Маэстро К.Санду оркестр мен сахнаға өзіндік қызуқандылықпен дирижерлік жасады. Оның трактовкасында әншілер, хор орындаушылары мен оркестр динамикалық күші арасында теппе-теңдікті  сақтап, композитордың опера партитурасында еркін жүзген дирижердің басқаруындағы оркестрден орындаушылар құрамы жеңіл әрі жұмсақ сүйемелдеу алды. Дирижердің музыкалық сөйлемдерге сауатты жасаған ньюансировкалары өзінің кәсіби биік деңгейде ойластырылған көзқарасымен ерекшеленді.

Әр қайсысы өзінше әлем болып келетін бір әншіні екіншісімен салыстыруға болмайды. Таптауырын болған осы қадамға бармайық десекте, кей тұстарда салыстыра қарастыруға мәжбүрміз. Себебі сырт орындаушының кәсіби біліктілігін тыңдап, көріп, салыстыру арқылы біз өзіміздің әншілік мектептің деңгейін қөре аламыз.

Виолетта партиясы румын әншісі Ирина Иордаческудің репертуарында біраздан бар, талай рет сахнаға шығып жүрген тәжірибелі орындаушы екен. Небір күрделі операларда қатысқан әнші орындау мәдениеті жоғары, кең диапазонды мол дауыс мүмкіндігімен көрінді. Десекте, партияның колоратуралық жеңілдік, техникалық шеберлік деңгейін байқатар тұстарда ауырлау көрініп жатты. Қазақ опера сахнасының Н.Үсенбева, М.Мұхамедқызы, Ж.Баспақова секілді кәсіби жоғары деңгейлі сопрано дауысты әншілеріміз мысалы қонақ әншіге аса таңданыспен қаратпаса да, кәсіби деңгейі жоғары талантты орындаушымен жүздестірді деген ой түйгізді.

Әншілік өнердің отанынан келген итальяндық орындаушы Диего Кавадзин — көрермен коп үміт күкені белгілі. Альфред партиясын бір қалыпты орындап шыққанымен тыңдарман құлақ құрышын қандырарлық вокал немесе актерлік ойын өрнегін көрдік дей алмаймыз. Сахналық тәжірибенің аздығы, образдың желісін ашуда актерлік орындаушылық ізденістердің болмауы ортанқолды дәстүрлі опера партиясын айтқан әншімен жолықтырды. Спектакльге жетпей жатқан қызуқандылық, жігер, сахналық көтеріңкі көңіл-күй музыкалық жетекші-дирижер тарапынан жеткілікті шыққанымен сахнадағы жекеленген актерлер ойынынан қолдау таба алмаған секілді. Дж.Верди музыкасы белгілі бір кілттегі сезім күшін беруге күш салса, актер өзінің ішкі ырғағымен, сахна кеңістігінде басқа жүрек соғыспен жүргендей болып көрінді. Бұл жоғарыда атап кеткен, бір спектакльге өнер көрсетуге жан-жақтан жиналатын орындаушылардың фестивальдік көрсетілімдеріндегі жалпыға бірдей кемшілік. Десекте, әрбір қойылымға қатысушының өзіндік қайталанбас келбеті көрініс табуы керек деп білеміз. Осы себептен де болар «Реквиемнің» тенор партиясын орындауға алдын ала белгіленген бұл әншіні арада аз уақыт қалса да дирижер А.Бөрібаев тарапынан Г.Анианиге алмастырып жіберілуінен, дирижердің бұл шешімін орнымен болған орын ауыстырулар деп білдік.

Спектакльге шақырылған түркиялық баритон Тамер Пекердің – Жермоны көрермен жылы қабылдаған партиялардан болды. Әншінің дауыс мүмкіндігі мол, ұшқырлығы, өзіндік бояуы қанық кей тұста қатқылдау болып келетін орындауы, ұлы Альфредтің басқан қадамдарын қадағалаған қатал әкенің өз қоғамының құндылықтарын, дәстүрін берік ұстанған орта жастана асқан бойында жігер оты мол жан етіп көрсетті. Виолеттаның көз жасы, немесе баласының айтатын уәждеріне көне қоймайтын бір беткейлігі мен қаттылығы әнші даусын образ жасаудағы қосалқы компонентіне айналдырып толықтыра түскен. Жермон бүгінгі нарық заманының, алдымен жеке басының, жеке жанұясының, балаларының бақытты болуын ойлайтын, сол үшін барын салатын адам.

Екінші күнгі мерейтойлық бағдарламада композитордың танымал «Аида» операсын тыңдауға жиналған жұрт жаңа құрамдағы әншілер тобымен жүздесті. Театрдың бұл қойылымына да жетекшілік еткен К.Санду автордың кең тынысты, шынайы махаббат пен драматизмге толы кейіпкерлерінің сезімдері мен кесек келбеттерін оркестрдің дирижердің қалаған дыбыстарын, жұмсақ икемді қолы талап еткен мөлшер мен деңгейде сипаттай білді. Оркестр үні қос өзен аңғарына орналасқан ежелгі Египет дәуірінің тынысын ашатын Дж.Вердидің шұрайлы көріністері мен сүбелі суреттерге толы партитура беттерін толымды суреттеді. Маэстро Дж.Верди музыка әлемін, тыңдарманды тереңнен баурап алатын, оның шетсіз-шексіз сезім палитрасына қозғау салатын реалистік дыбыстарға толы музыка және көркем образдар әлемімен жүздестірді.

Бұл қойылым әншілері өз партияларында жоғары вокалды орындаушылық және ұжымдық атқарушылық биігінен көріне алды. Күң қыз, нәзік Аида партиясында қазақстандық жас талантты әнші Жұпар Ғабдулинаның орындауы көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Тәкаппар патшаның қызы Амнерис – Сара Ищанова өз партиясын бір деммен аяғына дейін алып шықты. Махаббат үшін жекпе жектің, қатал да қаһарлана түйілген қалың діндарлардың (жрецтер) тобының сүйіскен екеуді қапастан шықпастай етіп қамағанымен олардың бір-біріне деген сүйіспеншілік сезімдерінің отын өшіре алмайтынына сендіріп бере алды. Радамес – Георгий Ониани дауысы жарқын, партия қажет етер дауыс мүмкіндігі мол әнші ұшқыр, ашық драмалық тенор дауысымен күрделі партияны еркін орындады. Итальяндық Джанфранко Монтризор – Амонасро партиясында жоғары вокалдық өнерімен бірге актерлік қырларымен де ерекшеленіп, сахнада «өмір сүре білген» орындауымен көрерменге жақсы әсер қалдырған фестивалдің қонақтарының бірі болды.

Әрине, халықаралық құрамда опера мерекесіне жиналған орындаушылар қолтаңбасы анық болса дағы, кейбір тұстарда жеке және ансамбльдік орындаудағы ала-құлалықтардың көрініс беруі бір қойылымға ғана жиналатын әр алуан пландағы әншілердің қатысуымен болатын спектакльдің өзіне тән кемшін тұстары жалпы мерекелік атмосферасы, Алматы көктемнің ерекше бір маужыраған шуақты күндерімен тұспа-тұс келіп қалалықтар мен қонақтарға шынайы көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған сәттер басым болды.

Жалпы бір композитор шығармашылығына арналған тақырыптық фестиваль тұңғыш рет өткізіліп отырған жоқ. Осыдан он екі жыл бұрын композитордың дүниеден қайтқанына жүз жыл толуына арналған өнер мерекесі осы сахнада «вердифест» болып өтілгенде, шетелдік жақсы орындаушылармен кең көлемде аталынып, мерекені қорытындылауды композитордың монументальді-мазмұнды, туындысы «Реквиемді» бірнеше хор, оркестр ұжымдарының қосылып орындауы арқылы есте қалған болатын.

Дж.Вердидің сахнаға жазған операларымен бірге шіркеуде орындауға арналған «Реквиемі» қазір зор ықыласпен үлкен концерт сахналарында орындалып келеді. Кеш басында маэстро А.Бөрібаев ортаға шығып жүргізушінің бірнеше сұрақтарына жауап беріп «Реквием» сөзі мен тақырыбына, құрылым ерекшеліктеріне өзінің түсінігін, көзқарасын білдіре келе бұл орындаудың бір үзіліспен екі бөлімнен тұратынын хабарлады.  Басынан аяғнан дейін тұтас орындалып келген шығарманы мұндай форматта ұсынған дирижердің «жаңалығы» бізге басында артықтау болып көрінді десекте, опера композиторының діни тақырыпқа жазған қолтаңбасына да ерекше мән берілгендігін байқадық. Шіркеу музыкасының театр сахнасында опера спектаклі секілді үзіліспен орындалуы .

  Бұл шығарманы орындау автордың негізгі ой-идеясын тұтас жеткізуге бағытталып,жинақы шықты. Дирижер шығарманы басынан аяғына дейін өлшеп пішіп, артық кем тұстарын реттеп бас аяғы бүтін, ойлы жасалған полотноны тыңдармандарына ұсынды. Партитураны жақсы игерген, орындаушыларды шеберлікпен басқарып әншілер дауысының қолайлы естілуіне барынша  күш салған  А.Бөрібаев негізгі орындаушылар – вокалды квартеттің (Г.Даурбаева, Д.Хамзина, Г.Ониани, К.Борчанинов), хордың (бас хормейстер Ә.Темірбекова) ансамблі, дыбыс динамикасын автор ойына сай болуына, бәрі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып шығарманы үйлесімді орындауға барын салды. Пәни дүниеде өзіне орын таппай тынымсыз ізденген, сан сұрақтармен алысып, өзін де, өзгелерді де қамшылаған, адам жанының жаратушы ие алдына барғандағы жан арпалысы, қыл көпір алдындағы ышқынған жан дауысы шығарманың аяғына дейін қайталана келіп үлкен «Dies irae» («Қаһар күні») полотносына айналатын шығарманың музыкалық драматургиясы баршаға ұғынықты тіл – Дж.Верди музыкасының бейнелі тілімен берілген.

Фестивальдің соңғы күнгі Гала-концертіне сахнаға қазақстандық опера өнер жұлдыздары мен Румыния, Түркия, Италия, Өзбекстан Германияның белгілі әншілері Дж.Вердидің опера туындыларынан өздерінің дауысына жақсы жататын ұтымды арияларымен шықты. Концерттің спектакль қойылымдарынан жекеленген ән, хормен жүретін сахналармен кезектесіп жасалынуы көрерменге зор қуаныш сыйлады.

Осы өнер мерекесінің өтуіне мұрындық болған Казкоммерцбанктің тікелей қолдау көрсетуі театрдың өнер айдынында еркін жүзуіне жағдай жасады. Фестиваль аясында өткізілген «Джузеппе Верди опера кейіпкерлерін драмалық интерпретациялау» атты шеберлік класын өткізуге мүмкін болды. Шеберлік-класын  Милан қаласы, Джакоза театрының көркемдік жетекшісі, сондағы Университеттің Театр тарихы және орындаушылық өнер факультетінің профессоры Паоло Базизио шақырылыпты. Бұдан бірнеше ғасыр бұрын жазылған Дж.Верди мәтінінің астарын, итальян тіліндегі кейбір ерекшеліктерді түсініп трактовка жасау кәсіби орындаушылар мен режиссерлер үшін қажетті сабақ болы.  Шеберлік мектебі театр солистері мен режиссерлеріне, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттеріне, Алматы қаласының ТЮЗдер мен драма театрлар режиссерлеріне арнап өткізілді. Фестиваль аясында театрының оркестр музыканттары Алматы метросына түсіп сол жерде қозғалыстағы вагон ішінде және бір станциясында «мобилді концерт» шарасы өтті.

Өнер мерекесі — өмір мерекесі. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры сыйлаған мерекелік шаралар көрерменді өздерінің көне театрымен, ондағы өздерінің сүйікті әншілерімен және бір мәрте құлақ құрышын қандыра тыңдауға мүмкіндік берді. Осындай кездесулер рухани түлеуге, эстетикалық ләззат алуға, әсемдікпен  жүздесуге жетелесе еліміздің өмірі мен өнерінің тынысы орнымен, біркелкі соғып жатқандығы. Ылайым солай бола бергей.

Аманкелді МҰҚАНөнертану кандидаты

 

,

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *