ЖЕРҰЙЫҚ рок операсы Астана сахнасында

Үстіміздегі жылдың 14 қыркүйегінде композитор Төлеген Мұхамеджановтың ақын Қадыр Мырзалиевтің либреттосына жазған «Жерұйық» рок-операсының (cпектакль жанрын «рок-поэма» деп анықтаған) тұсауы кесілді. Бұл спектакль бүгінгі «Астана-опера» театрының Бас директоры қызметіне тағайындалған композитордың бұдан бірнеше ондаған жылдар бұрын жазылған (1978) туындысы.

Спектаклді Астана опера театрының ұжымы дайындап Бейбітшілік және келісім сарайының сахнасында тұсауын кесті. «Дайындап» деген сөзді біз шартты түрде қолданып отырмыз, себебі негізгі қоюшылар құрамы мен орындаушылар да театрдың штатында жоқ драма актерлері мен эстрада әншілері, музыкалық сүйемелдеу мен би топары сырттан шақырылғандықтан Т.Мұхамеджанов өзі бас болған опера және балет театры ұжымы бұл қойылымды дайындауға белсенді қатысты деп айта алмаймыз. Мұндай жобалар әдетте арнайы таңдау (кастинг) жұмысынан кейін жан-жақтан жиналған орындаушылар мен шығармашылық топтардың қатысуымен жасалатынын әлемдік және отандық тәжірибеден көріп келеміз. Жаңа «Астана опера» театрының ашылуымен Бас қалада жұмыс істеп келген К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры әрі қарай жұмыс істеу-істемесі түсініксіздеу сәтте бас қала – Астана сахнасына осындай форматтағы спектаклдің келуін заңдылыққа баладық. Бұл туынды асықпай ашылған биылғы театр маусымын өзіндік реңк бояумен бастатты. Қойылымды Астана қаласының әкімі қолдап қуаттап, қаражат бөлсе, мұндай спектакль Бас қаланың сахнасында қойылып, көрермендерінің көзайымына айналуы орынды.

Бұған дейін мемлекеттік қызметтерде (қала әкімінің орынбасары, парламент депутаты т.б.) болып келген композитор Т.Мұхамеджанов өзінің негізгі мамандығы бойынша шығармашылық қызметін соңғы жылдары жандандырып, авторлық концерттік, кештермен толыққанды айналысуға бет бұрған секілді. Сахнаға қойылғаны, қойылмағаны бар композитордың шығармашылық қоржынында ән, аспапты музыка, киномузыка, күрделі формадағы балет, опера т.б. жанрларымен бірге заманауи жастар таным деңгейін қанағаттандырарлық әр түрлі туындылар бар. Осындай туындының көтерген тақырыбы мен негізгі айтпақ ойы бүгінгі жастардың аудиториясына бағытталған. Оны біз қойылымның музыкасы, сахналық безендірілуі, орындаушылар құрамына таңдаудан өткен әншілер құрамы, режиссура, балетмейстерлік жұмыстары секілді әрбір жекеленген компоненттерінен байқауға болады.

Өткен ғасырдың соңғы ширегінде батыстан қатаң идеологиялық шектеуден там-тұмдап сыңалау тауып енген тосын, тобырлық жанр болған рок музыкасы кеңес жастарының да үлкен қызығушылығын оятты. Оны дәстүрлі классикалық жанрымен (опера, балет, т.б.) ұштастыра беру сөзсіз сахна өнері үшін жаңалық болатын. Әсіресе 1970 жылы жазылып батыс әлемінде құбылыс болған ағылшын композиторы Эндрю Ллойд Уэббер мен Тим Райстың «Иисус Христос — суперзвезда» (Jesus Christ Superstar) рок-операсы бұл жанрдың өркендеуіне ерекше әсер етті. Бұл құбылыс қазақ кеңес композиторларының жаңа буын өкілдеріне де ой салып рок-опера жанрында бірнеше туындыларды дүниеге алып келді. Қазақ композиторларының ішінен осы жанрға алғашқылардың бірі болып қалам сілтеген де Т.Мұхамеджанов болатын. Осы кездері жазылып сахнаға шыққан композитор А.Серкебаевтың «Мой брат Маугли» рок-опера-балеті (1982) мен сценарий мен либретто авторы және музыкасы Насер Құлсариев және Ерұлан Қанапьяновтың «Тақыр» рок-операсының (2000) қойылуынан кейінгі сахна рампасын көрген бұл бағыттағы толыққанды жұмыс деп осы Т.Мұхамеджановтың «Жерұйығын» атауға болады.

Бұл шығарманы дәл қазір сахнадан көрсетілуінің бірнеше себебі бар. Шығарма идеясы біртұтас ел болу, сол іргелі елдің темірқазығы болар жерұйығын іздеген Асан Қайғының басты арманының бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы болып Сарарқа төсінен Астана қаласының таңдалынуы арқылы орындалуы. Халқына қоныс болар жайлы мекен, шұрайлы жер іздеп сонау көне дәуір қойнауынан шыққан Абыздың ХХІ ғасырға дейінгі уақыт аралығын қамтыған сапары сөз болады. Бұл жерде Асан Қайғының арман тілегімен, болмыс бітімін Елбасының тәуелсіз Қазақстанды құру жолындағы жасап жатқан жұмыстарымен тікелей байланыстыру бар екендігін көреміз. Композитор бұл сабақтастық жайлы «Вечерняя Астана» газетінің тілшісі Дана Ермұханға берген сұхбатында: «Надо отдать должное замечательному поэту Кадыру Мырзалиеву, который взглянул настоль­ко глубоко на эту тему еще в 1980 году. То, что он тогда сделал, сегодня злободневно как никогда. Процесс ста­новления государства, поиск «земли обетованной» проис­ходит и ныне. Вот мы — стро­им столицу, вот она — обето­ванная земля, которую искал Асан-кайгы. Образно говоря, Асан-кайгы — это наш Пре­зидент. В произведении есть слова: «Народ истрепанный превратить в опережающий — моя мечта». Об этом сейчас говорит Глава государства — мы должны быть конкурен­тоспособными, войти в 50 развитых государств мира. Мы должны быть не просто единым народом, а единым казахстанским народом. В рок-опере можно понять, на­сколько это все современно» [«Вечерняя Астана» газетінің сайтынан] деген пікір білдірген екен. Бұдан біз отыз жылдан аса уақыт бұрын жазылған шығарманың бүгінгі күннің, Тәуелсіз Қазақстанның арман тілегі, тыныс-тіршілігімен үндесуін анық көреміз.

Екіншіден, шығармада оқиға аңыз бер тарихи тақырып тұңғиығына тереңдеп шектелмей, лирикалық махаббат желсісіне, көп ұлтты мемлекеттің бейбітшілік арқылы армандаған биіктерден көрінуге бағыт ұстанған қадамын көрсету үшін халықтар арасындағы достықты жырлайтын Дудар мен Марияның арасындағы махаббатын үлкен желі болып берілген.

Үшіншіден, Елбасының еліміздің болашағын баянды етіп бекіте түсуде, биік трибуналардан жастар мәселесіне тұрақты назар аударып келе жатқаны белгілі. Осындай өзекті тақырыптарға қозғау салған бұл қойылым еліміздің болашағы мен зор үміт күтетін жастар аудиториясына тікелей арналған. Осындай маңызды әрі заманауи өзекті тақырыптардың бір арна – рок-опера көтерген мәселелер төңірегінде тоқайласуы, оған Бас қаланың әкімі И.Тасмағанбетовтың және өзге де ресми мекемелердің тарапынан қолдау тапқандығын көрсетеді.

Шығарманың музыкалық орындалуына еліміз эстрадасындағы әндері танымал болған, халыққа сыйлар көтеріңкі көңіл күйінен әліге дейін айнымаған, сол баяғыша жастық жігерге толы қалпын сақтаған белгілі ұжым «Дос Мұқасан» вокалды аспаптық ансамблін тартылыпты. Бұдан, 70-80-жылдары тыныштығын дүр сілкінткен рок музыка еліміз эстрадасына алдымен именшіктеп еніп, кейін батыл шығармашылық жобаларды дүниеге келуіне себеп болды. Автордың осы бағыттағы шығармашылық жобасына қозғау салған осы «Дос Мұқасан» ансамблі болатын. Ол жайлы ансамблдің көркемдік жетекшісі М.Құсайнов өзінің сұхбатында: «Я рад, что работа, которая была создана более 30 лет назад, нашла свое второе рождение! Это сложное произведение, написанное моим другом Толегеном Мухамеджановым. Мы тогда пригласили его, студента консерватории, для написания музыки рок-оперы. И самое удивительно, что она актуальна и по сей день. Конечно, изменена аранжировка, но замечательная идея осталась, – говорит музыкант» [«Земля обетованная – в Астане» // Вечерняя Астана 17 сентябрь, 2013г.] -дейді. Біз сахнада самайын ақ шалса да бойларынан жастық жігері таймаған қазақ эстрадасының корифейлерін көреміз. Заманының аттары аңызға айналған эстрадалық тобы спектакльге өзіндік реңк, өзгеше бояу, қайталанбас үн берген. Бүгінгі жастарға арналған қойылымды заманы рок музыкасының ырғағымен дүрілдей өткен аға ұрпақ өкілдерінің орындауынан, қазақ эстрадасындағы бастаған рок жанрын өздеріне орындатуды жөн көрген дәстүр жалғастығын көреміз. Әрине, музыкалық аранжировка мен оны орындауға бүгінгі заманауи үн беретін жаңа шешімдермен келген.

Спектакль көркем безендірілген. Оқиға жартылай дөңгелете қойылған зәулім балбал тастар қоршаған сахна алаңқайында өтеді. Көшпенді қазақтың ат тұяғы жеткен жері – ата мекенін көрсетер үлкен көлемде тұрғызылған балбал тастардан түзілген композициялық құрылым әсерлі көріністер береді. Экран арқылы музыкалық партитурадан бастау алатын бейне көріністер өз ретімен жіті таңдалып бейнелі, әсем суреттер арқылы оқиға желісінің қыр-сырын аша түскен. Оқиға желісінде халық басынан өткен небір зұлматтар мен түрлі тарихи оқиғалар тізбегі видеокөріністер арқылы көрерменнің көз алдында экраннан асықпай баяндалады. Жарық партитурасы оқиға орнындағы музыкалық бөліктердің көңіл-күйін ашатын түрлі түсті қанық бояулармен музыка тіліне сай үндестік таба алған.

Театр бұл қойылымға әдеттегідей Санкт-Петербургтен келген шығармашылық топты шақырған екен. Олар: белгілі опера режиссері Юрий Александров және суретші Вячеслав Окуневтің тандемі. Автордың негізгі ой-идеясын сахнада ашып көрсету қоюшы режиссер мен суретшінің иығына түсетіні белгілі. Бұл жауапты жұмысты спектакльді жасаушы топ жоғары кәсіби деңгейде орындап шыққан. Көрермен бір сағат он бес минуттық қойылым барысында шаршамай, спектаклдің басынан аяғына дейін бір деммен тамашалайды.

Режиссер-постановщик Юрий Александров

Режиссер-постановщик – Народный артист России, лауреат Гос. премии Казахстана Юрий Александров

Сахна төріндегі үлкен экраннан үзіліссіз ауысып отыратын бейнеарт көріністерді жасаған Виктория Золотникова шығарманың музыкалық партитурасындағы негізгі ой-идеямен нақ-нақ салыстырып, спектаклдің көркемдің келбетін өсіріп, тұтастығын мазмұндық тұрғыда байыта түскен. Заманауи соңғы технологиялық жетістіктерге сүйене отырып сахна кеңістігін әрекет алаңына айналдыру, жарық пен декорациялық безендіруде сахналық көріністерді көздің жауын алатындай етіп бейне таспалар арқылы беруі спектаклді жоғары технологиялық туынды ретінде қабылдатады.

Рок операның музыкалық материалы сөзсіз бүгінгі жастардың тыңдау, қабылдау деңгейіне арналған. Сахнада жастар қатысатын, немесе Әзәзіл мен оның тобыры әрекет ететін сахналарда өткір ырғақты, қатқыл агрессивті музыка басым болуымен бірге, музыкалық табиғатының негізі кантиленаға құрылған музыкалық бөліктер. Бұл басты кейіпкерлер: Асан Қайғының, Марияның және Дудардың вокалды партияларында кездеседі. Сахналық көріністегі желісі айтыс-тартыспен өтетін, «бас-басына би болған…» жаугершілік замандағы қазақтың үш жүзінің хандары мен батырларының партиялары термелеп айтатын речетативке, жоғары эмоциялық қызуқандылықпен орындауға бейім жарқыншақты интонациялармен сипатталған. Әзәзілдің вокалды партиясында нағыз рок музыканың ырғақтық және интонациялық элементтері анық көрінеді.

Мария и Дудар

Мария (Светлана Васина) и Дудар (Бауыржан Исаев)

Вокалды партияларға таңдалған қазақстандық әнші, актер, бишілерден құралған орындаушылар құрамы шығармада өздеріне жүктелген міндеттеріне жауаптылықпен келген. Спектакльдің негізгі желісіне мұрындық тағып жетелегендей алып жүретін дала абызы, қазақты қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда қасиетті мекен болатын жерұйығына жеткізуге ұмтылған Асан Қайғының партиясын – әнші Нұрлан Өнербаев сомдады. Орындаушы бойынан кейіпкердің сахналық келбетін берерлік түр-тұрпат, вокалды партияны орындауға салмақты да бояуы құлаққа жағымды дауыс, актерлік қырларын таныта алған орындаушылық шеберлігі бір арнадан табылып көрермен сөзсіз қабылдаған Абыз келбетін көрдік. Жас әнші Светлана Васинаның — Мария партиясы мен эстрада әншісі Бауыржан Исаевтың Дударымен бірге сахнада сүйіскен екі жастың танымал болған «Дударай» әні мен басқа да вокалдық номерлерді толымды орындауын, көрермен қызу қарсы алды. Осы кейіпкерлерді балеттік кейіпінде орындаған Мәдина Басбаев (Мария), Рүстем Сейітбековтар (Дудар) болды. Негізгі кейіпкерлерге қарағанда екі жастың пластикалық тұрғыдағы іс әрекеті сахнада басымырақ шығыпты. Екеудің ішкі жан сезімдері мен пихологиялық күйініш-сүйіністерін сахнада көрсетуде балеттік жұп белсенді көрінді.

Рок-операда үш жүздің хандары мен батырларын астаналық драма театрларының актерлері Жәнібек Мұсаев, Жанқалдыбек Түленбаев, Бекжан Кәрібаевтар сомдады. Музыкалық спектакльде драма актерлерін ойнату, олардың ән айтуы бұрын бөлектеніп тұратын жанрлар арасындағы шектің жоғалуына алып келе жатқандығын көрсетеді. Актерлер өздеріне режиссер жүктеген міндеттерді толық орындап шықты. Ғасырлар қойнауынан сауыт-саймандағы, қару жарақтары мен сойыл-шоқпарларын сайлана шыққан бабалардың әрқайсысының алдыға тартқан өз шындығы бар. Бәрінің де арманы елі мен жері аман-есен болып тәуелсіздік пен бейітшілікке қол жеткізу. Драмалық актерлерде ойын өрнегі өзге балет бишілері мен опера, эстрада әншілерінен өзгешелігін олардың сахнадағы сөз бен іс-қимылды біріктіре ойнауынан көруге болады. Өзгелерден бөлектенетін бұл орындаудың ән айту мәнерінде классикалық вокалды естімегенімізбен, жалпы тарих қойнауынан келген кейіпкерлерге тән дәстүрдің ізі, халықтық бояу бедердің басымдығын анық көрдік.

Бұл актерлер бір тектес үш жүздің жаугершілік замандағы атысып, тартысқан өкілдерін көрсетсе, жас актер Бауыржан Нұрымбетовтың орындаған Әзәзілі есте қаларлықтай болып, спектакль өн бойында дараланады. Адамзатты дұрыс жолдан тайдыруға азғырушы, адалдықтан жаза басқандардың әрбірінің қателігінен өзіне күш алатын, сол қара ниетін іске асыру үшін неше түрлі қитұрқы әрекетке баратын Әзәзіл партиясы актер қиялы мен шебірлігі үшін таптырмайтын әрі сын боларлық рөлдерден. Бұл рөлде орындаушы өзінің вокалдық мүмкіндігімен, бойындағы ұшталған пластикалық іс-қимылымен және образдың актер қиялы мен шығармашылығына берер азығын орнымен пайдаланып образды толымды көрсете алғандығының куәсі болдық. Б.Нұрымбетовтың сомдаған кейіпкері алған бетінен қайтпай төтеден салатын, қойған мақсатына жету жолында қанқұйыл жауыздық әрекеттің ешқайсысынан да шірмікпейтін адамзаттың ішін қара түнек жайлаған қыры – Әзәзіл болып шыққан.

Әзәзіл

Әзәзіл (Бауыржан Нұрымбетов)

Сонымен бірге музыкалық спектакльдің пластикалық сүйемелдеуіне көпшілік қатысатын сахналарға Астана қаласының «Наз», «Терра» би театрлары, Теміртау қаласының Бреэйк Данс тобы тартылыпты. Спектакльдің басынан аяғына дейін сахнаны тұрақты әрекет орнына айналдырған бұл би топтарының көпшілік және қосарлана орындалатын билері қойылым көркін келтіргені сөзсіз. Классикадан бастап заманауи модерн үлгісіндегі түрлі пластикалық би қимылдары спектакльде өзіндік өрнек туып кейіпкерлердің вокалдық және жекеленген ән, дуэттері мен ансамблдік, аспаптық орындалған музыкалық бөліктерін көрік бере алған. Хореограф Ирина Вторникованың би номерлері, әр түрлі үйірлі топтардың сахна кеңістігіндегі жүрген көп санды актерлер мен бишілердің пластикалық шешімдері тұрақты әрекет үстінде көрінеді.

Жалпы Ресейден келген шығармашылық топ жұмысы сахнада жинақы, жүйелі режиссерлік шешімімен, бейнелі жасалған көркем сахналық көріністерімен, көрнекті де көрікті суреттерімен есте қалды. Сөзсіз, кәсібилік пен біліктілік, музыкалық театрдың заңдылықтарын сақтай отырып қойылған спектакльдің барлық компоненттері өзінің жоғары деңгейінде екендігін көрсетті. Біздің сахна қайраткереріміз қашан осы деңгейден көрінер екен деген ой маза бермегенмен, жауабын іздеу, оған алдын ала болжам жасау еліміздегі ресми мекемелердің өнерге, соның ішінде театр өнеріне деген бүгінгідей шолақ көзқарастағы жүргізіліп отырған саясатынан (театр туралы белгілі ұстанымы жоқ десе де болады) кейін аса абырой әперетін шаруа болмаса керек.

Жаңа қойылым қазақ театрының бүгінгі таңдағы заманауи қойылым жасау жолындағы кезекті ауыз толтырып айтарлық жобаларының бірі. Идеялық, та тақырыптық жағынан қажетті спектакль көрермендердің әр алуан тобына, астаналықтар мен көп санды келіп жатқан қонақтарының назарына ұялмай ұсынуға тұрарлық. Мұндай дүние тұрақты түрде репертуарда болып көрермендерге көрсетілуі керек. Бірақ біз бұл қойылымның коммерциялық мақсаты жоқ, жұмсалған қаражатты мемлекетке қайтару міндеттемесі жоқ «қой үстіне бозторғай жұмыртқалатқан» Астана тақырыбына арналған кезекті, қатардағы көз алдау (ради галочки) қойылым болмауын қалар едік. Бұл қойылымның барысында жарнамада айтылғанай екі күн қатарынан көрсетілуге тиіс спектакльдің бір күнмен шектелгенін түсінбедік. Осыншама шығармашылық күштерді жинап мол қаражатпен жасалған еңбектің Астана театрының репертуарына тұрақты қойылым болып енбейтіне өкіндік. Спектакльдің бір күндік көрсетілімнен кейін (мүмкін композитор директорлық орнында отырғанда тағы бірнеше рет көрсетілер де) алдыңғы «Астана» мюзиклі секілді ғұмыры ұзаққа бармай телеверсиясын тамашалаумен шектелерміз-ау деген ойдан тіксіндік. Біз осы жерде тамаша жасалған көптеген қымбат спектакльдер мен жобалардың арты құмға сіңген судай із-түзссіз кетіп жатқандығына алаңдаймыз.

финал оперы

Бұл спектакль жаңа дәуірдегі қазақ театр сахнасында жоғары бюджетті қойылым болып тарихта қалады. Бұған дейінгі осы шығармашылық топ, қоюшы режиссер мен суретшінің 2008 жылы жүзеге асырған А.Серкебаевтің «Астана» мюзиклі үлкен жарнамалық қолдаумен кезінде ҚР Мәдениет министрлігінің жауапты қызметкерінің айтуынша 52 миллион теңге, ұсақ тиынымен бағаланып айды аспанға бір-ақ шығарса, бұл сахналық жоба бар жоғы 100-ақ миллион теңге болыпты. Спектакль құны осы бағытта әлемдік үлкен танымал сахналардың шығаратын қаржысының деңгейін қуып жетіп қалыпты. Тек ол жақтағы театр маңындағылар шығарылатын қаржының қайтарылымы болатынын біліп, барын салады. Касса аузында ұзын кезектің тізіліп тұруы үшін ештеңеден аянып қалмайды. Біздің театр шенеуніктері мен қайраткерлеріміз ас та төк мол қаражат шығарып жасалған сүбелі дүниенің сахналық өмірі басталмай жатып немқұрайлы қарайтын секілді. Қойылым өткеннен кейін-ақ шығынның қалай пайда келтірер жолын қарастыруға, есеп-қисап мәселесінде әлі де бос белбеу қамсыздықтан айырылмаған сыңайлы. Қазақта «обал, сауап» деген сөз бар. Бұл сөзді айту бұрын нан қоқымын тастамау, асты ішіп жеу мүмкіндігінен артық алып ысырап етпеуге т.б. байланысты айтса біз осы жерде музыкалық театрда бел алған ысырапшылдыққа байланысты айтамыз. Өнерге де үнемшілдік керек. Сахнаға қойылған спектаклдің өзіндік ресурсын тауыспай сахнадан алып тастауға болмайтынын, оны толығымен ұтымды пайдалану керектігіне назар аударамыз.

Бас қала – Астана композитор Т.Мұхамеджановтың сахнаға қойылған рок операсы арқылы өзінің статусына сай барша қазақ халқы армандаған «Жерұйығын» тапты. Атына заты сай келетін қаламыздың биік мәртебесі барша қазақтың абыройы болса, сол биік деңгейді ұстап тұруға жоғары кәсібилікпен жасалынар өнер туындылары да өзіндік маңызды әрі мазмұнды рөл атқарады. Асан Қайғы абыздың халқы үшін тыным таппай іздеген қасиетті мекені – Жерұйықтың киелі мекенге айналып беделі артып, мерейі үстем болуына осындай өнер шығармасының да қосары көп болмақ.

 Аманкелді МҰҚАН

М.О.Әуезов атынағы Әдебиет және өнер институты

Театр және кино бөлімінің меңгерушісі

фото: http://tolegenmukhamejanov.kz

,

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *