Ізденіс, шабыттану, шарықтау (Гауһар Мұрзабекова)

Қазақ «Тақыр жерге шөп шықпайды» деп айтады. Гауһарға қарағанда осы сөздің нақтылы екеніне көзің әбден жетеді. Мұрзабековтар әулеті Қазақстанда бұрыннан әйгілі. Бұл фамилия аталғанда ең бірінші болып еске түсетін есім – Тұрсын Мұрзабекова. Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақ қыздар педагогика институты ашылып, соның ректоры болып тағайындалған ғылым кандидаты Тұрсын Мұрзабекова еді. Осы институтты 15 жылдай басқарған Тұрсын апай нағыз қазақ қызының өнеге үлгісі болды. Оның сіңлісі Сәнам Мұрзабекова бар өмірін «Социалистік Қазақстан» газетінде өткізді. Жігерімен, қайратымен, жұмысқа деген қабілеттілігімен есте қалды. Ал, олардың інісі Құрманбек Мұрзабеков танымал опера әншісі болатын.

Гаухар Мурзабекова

Гауһар әкесін былай еске алады: «Менің өмірімде әкемнің орны ерекше, шығармашылығыма да тиген септігі мол. Музыканттар отбасында дүниеге келгеніме өте қуаныштымын. Әкем 30 жылдан астам Абай атындағы опера және балет театрының солисі болған. Бала кезімнен опера театрынан шықпай, әуездің түр-түріне қанық болып, музыкаға деген құштарлығым пайда болды. Театрдың репертуарын жатқа білдім десем артық болмас. Балалық кезімде балерина мамандығын армандасам, кейін скрипкашы болғым келді. Әкем Құрманбек өте дарынды адам еді. Талант деген тек қана шығармашылық емес, сонымен қатар жауапкершілік пен адамгершілікті талап етеді. Әкем үшін үлкен немесе кіші рөл болған емес. Ол театрда күнде әр түрлі опера партияларын орындады. Бүгін Дж.Россинидің «Севиль шаштаразындағы» Фигаро, М.Төлебаевтың «Біржан Сарасындағы» Жанботаның басты рөлі болса, ертесіне эпизодтық «Ер-Тарғындағы» Балпақ, «Травиатадағы» Барон сияқты рөлдерді де бар жанын салып ойнайтын».

АНЫҚТАМА

Гауһар Құрманбекқызы Мұрзабекова – әйгілі скрипкашы, Қазақстан республикасының Халық артисі, профессор, Халықаралық байқаулардың лауреаты, Қазақстанның музыка өнерінің көрікті қайраткері.

Гауһар осы әулеттің көрнекті жалғасы болып келеді. Ол өзі оқыған мектепті, жоғары білім алған консерваторияны жылы лебізбен еске алады. Әкесі қолынан жетектеп Күләш Байсейітова атындағы арнайы музыка мектебіне әкелгенде, Гауһардан үлкен музыкант шығар деген арманы болса да, дәл мынандай биік шыңға шығар деп ойламап еді. Гауһарды оқытқан Нина Михайловна Патрушеваны Қазақстан скрипкашыларының анасы деп атауға болады. Қазақ елінің мақтанышы деп білетін Айман Мұсаходжаева, Марат Бисенғалиев, Аида Аюпова сияқты дарындардың барлығы Н.Патрушева шәкірттері. Ол Гауһарға да тек қана ұстаз емес, шын мәнінде анасындай болды. Гауһар мектепте оқып жүріп-ақ талай концерттерге солист ретінде қатысты.

Гауһар П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясына түскен кезде Тұрсын апай жанындағылардан: «Гауһар Давид Ойстрах класында оқитын болды» деп қуана сүйінші сұраған. Шынында да Д.Ойстрах класында оқу баршылықтың қолы жетпейтін үлкен дәреже еді, бірақ бұл игі жақсылық Гауһарға бұйырмады, мэтр төрт айдан кейін о дүниелік болып кетті. Мұрзабекованың студенттік жылдары кәсіби шеберлікті шыңдаумен өтті, оның дәлелі Халықаралық конкурстардағы алған жүлделері.

«Ізденіс… шабыттану… шарықтау…» — бұл Гауһар концерттерінің атауы. Осы ұғымды ол өмірлік девизі ретінде алған болу керек. Қазір Гауһар Мұрзабекова әлемдік деңгейдегі әйгілі музыкант, үлкен ұжымның көркемдік жетекшісі, ұлағатты ұстаз. Ал, ең сүйсінерлік жағдай – ол Қазақ музыкасының шынайы жан ашыры, Қазақ өнері, Қазақ музыкасы дегенде ішкен асын жерге қояды. Осы сәтте біраз сауал туындайды. Ол неге Қазақ музыкасын соншама жақсы көрсе, тек қана еуропалық шығармаларды орындап жүр деген сұрақ шығуы өте орынды. Бұл тұрғыда Гауһардың кінәсі жоқ. Ол жетік меңгерген violino’ға шығарылған қазақ музыкасындағы репертуар жоқтың қасы. Әйгілі М.Төлебаев поэмасы, Е.Рахмадиев концерті және де… Ал, еуропалық репертуар бірнеше ғасыр бойы жиналып, тұрақталған. Оның үстіне қазақ қауымын еуропалық шығармалармен де таныстыру керек емес пе?

Ізденіс. «Қазақстан Камератасы» Мемлекеттік камера музыка ансамблінің құрылғанына міне 15 жыл толды. Г.Мұрзабекованың өзі ұйымдастырып, өзі жетекшілік ететін бұл шағын оркестр қазақ музыкасының даму процесі бағытында еңбектенеді. Көлемді ұғым. Бастапқыда бұл ұғымға музыкалық ұжымды құрайтын артистердің сапасы, кәсіби біліктілігі, шеберлігі кірер. Екіншіден, оркестр орындайтын шығармалардың көркемділігі, керектілігі, жалпы халыққа түсінктісін дұрыс табу. Осы жағынан қарағанда, «Қазақстан Камератасы» ұжымының сапалы құрамына кез келген дирижер қызығатындай. Әр артист тек қана ұжым мүшесі емес, жеке солист бола алады. Ал, репертуар жағына келсек, оркестрдің қоржынында әлемдік классика дүниелерімен қатар отандық, оның ішінде бүгінгі күннің музыкасы да жетерлік. Соңғы екі жылда еліміздің түкпір-түкпірінде, жақын және алыс шет елде бұл ұжым қазақ замануи композиторларының шығармаларын орындап, белсене насихаттауда. Израиль, Әзірбайжан және басқа елдердің үздік сахналарында берген концерттері бағдарламасымен де, көркемділігімен де тыңдаушыны таң қалдырды.

Шабыттану. Гауһар шабытының негізі махаббат деуге болады. Елге, Отанына деген сүйіспеншілік, музыкаға деген құштарлық оның іс-жігерінің қозғағышы. Барлық музыканттай Гауһар сезімтал келген. О дүниелік болып кеткен әкесін, өмірлік сүйген жарын еске алған кезде үлкен тұңғиықтай қара көздері мөлтілдеген жасқа толып кетеді. Бұл түсінікті жағдай. Шәріп Омаровтай кемеңгер ер, асыл аға, көрнекті қайраткер кісінің жары болғанының өзі ерекше еске алып, мақтанарлықтай жағдай. Ал, Гауһардың бүгінгі тірегі, ойшысы, тілекшісі – ұлы Диас. Диас өнер адамы, суретші, әрі дизайнер, Ұлыбританияның үздік оқу орнын дизайн мамандығы бойынша тәмамдаған.

Ең үлкен шабыттың түбі музыка қасиетінде жатыр. Гауһар тыңдарман алдына шыққан кезде, қайғы-қасірет, күнделікті тұрмыс-тіршілік – бәрі ғайып болып, жадында тек қана музыка қалады. Осы тұрғыда музыкантқа қойылған «тыңдарманның қайсысы жақсы?» деген сұраққа, ол былай жауап берді: «Түбінде, шетелде де, Қазақстанда да тыңдарман қауым өнерімді жақсы қабылдайды. Алыс шетелге шыққанда, ең бірінші сезім – ызаң келеді. Кәдімгідей ашуланып қаласың, неге десең олар Қазақстанды біле бермейді, Ауғанстан, Пәкістан ж.т.б. шатастыра береді. Қазақтар түйеге мініп, көшіп-қонып жүреді деп ойлайды. Концерт барысында (жеке соло концертім әлде «Қазақстан Камератасының» концерті болсын) тыңдаушылар бұрынғы ойынан ажырап, Қазақстанның өркениетті ел екендігіне көзі жетеді. Бұл өте жақсы. Ел мүддесіне өз үлесімді қосқанымды анық сезінемін. Ал, ТМД елдерінің кешегі негізі, тарихы ортақ болғандықтан мұндай жағдай байқалмайды. Ең жақсы тыңдарман өзіміздің Қазақ. Жандары таза, сүйіспеншілігі мол, көңілдері ашық. Әсіресе бүгінгі күнгі қазақ музыкасын қызыға, ынталана тыңдайды».

Шарықтау. Бүгінгі күнде Гауһар Мұрзабекова теңдесі жоқ музыканттардың біреуі. Ол дайындайтын жеке музыкалық бағдарлама, «Қазақстан Камератасының» концерттері, тиянақтылығымен, күрделілігімен ерекше көзге түседі. Ол істеп жүрген үлкен іс – музыка насихаты жоғары дәрежеде марапаттауға тұрады деп сенеміз. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқан А.Пьяцолла мен Вивальдидің «Жыл мерзімі» атты топатама екі әр түрлі ғасырда өмір сүрген композиторлардың туындысының қоспасы. Қазақ жерінде бұл бағдарлама бұрын-соңды орындалмаған, эксперимент десек те болады, ал Гауһар өзінің аса дарынды, үлкен кәсіби маман екендігін дәлелдейді.

Бұл Г.Мұрзабекованың Мемлекеттік сыйлыққа екінші рет ұсынылуы. Бірнеше жыл бұрын Мемлекеттік сыйлық оның баламасы А.Қоразбаевқа беріліп еді. Сол кезде кәсіби музыканттар, артистер арасында бұл жағдай әбден реніш тудырды. Уақыт өте, сыйлық иегері музыкант, сазгер атын дискредитацияға ұрындырып, бүкіл өнерге кір келтірді. Осы жолы Мемлекеттік сыйлық жөніндегі Комиссия өз ісіне ұқыптылықпен қарап, шынайы қайраткерді таңдайды деп сенеміз. Ол қайраткер – Қазақтың біртуар қызы, Қазақстан Халық артисі ГАУҺАР МҰРЗАБЕКОВА.

Қуат БАҒЫСБЕК, музыкатанушы

, , ,

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


Срок проверки reCAPTCHA истек. Перезагрузите страницу.